Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Смағұл әкемнің жездесінен кек алуы

Смағұл әкемнің жездесінен кек алуы! Менің атам Аянбайдан 5 ұл, 2 қыз туыпты. Ұлы шешеміз екі қызды қатарынан бірінен кейін бірін тауып, артынан Қожайт, Смағұл, Әмірхамза, Әмірәлі, Сәду деген 5 ұл дүниеге келіпті. Аянбай атамыз көзі тірісінде қатар өскен екі қызын Тәни, Шәнтиді көршілес отырған қаз руына ұзатыпты. Осы екі қыздың үлкені Тәни деген апамызды Қаз Сарбас деген кісіге ұзатыпты. Сарбастан Ерболсын, Төлеу деген екі ұл туады. Апамыз Сарбасқа барғаннан кейін ол бірте-бірте байып, 5-6 жылдың ішінде ауқатты болады. Енді Сарбас әбден байығаннан кейін болыстыққа шарға түседі. Бірақ өтпей қалады. «Қазақ байыса, қатын алады, сарт байыса, там салады» дегендей жездеміздің көңіліне желік бітіп, бір кедейдің жас қызын тоқалдыққа алады. Бұл хабарды естіген Аянбай балалары апамыздың үстінен Сарбас тоқал алды деп намыстанып, жездесінен кек алуды ойлайды, олардың ішінде, әсіресе, намысқой, бірбеткей, өз айтқанынан қайтпайтын Смағұл әкем болады. Смағұл талай рет ойын іске асырмақшы болғанда, інісі Әмірхамза: – Қой, Секе, әуелі сөйлесейік, егер жездеміз тоқал алып, апайды шетқақпай қылса, онда барып сөйлесейік, – деп ақыл айтады. Бірақ тумысынан намысқой, өз айтқаны болмаса, шамалыға көне бермейтін Смағұл әкем жездесінен қалай кек алудың жолын ойластыра бастайды. Бұл кезде Сарбастың байлықпен аты шығып, дүрілдеп тұрған шағы, жүйрік ат, қыран бүркіт ұстайтын кезі. Сарбастың күрең қасқасы бәйгенің алдын бермейді. Сарбас жүйрік атты ұрылардан қорқып, қысы-жазы құлыптап, қорада ұстайды. Смағұл бұл жайдан толық хабардар болады. Енді осы жүйрік атын ұрлап әкетіп, апасы үшін кек алмақшы болады. Смағұл әкем бірнеше күн даярланып, Қабырғаның (өзен аты) мұзы бекіп, қар түскен шақта атты ұрламақшы болады. Ол кезде ұзын аққан Қабырға өзенінің бөгелмеген кезі, бүкіл өзенді жағалап бару үшін бір күндік жер жүру керек. Ал қыс түсіп, мұз қатқанда, ауыл арасы 10-15 шақырымдай ғана жер. Аттың қорада екенін анық білетін Смағұл түн ортасы ауа жездесінің ауылына жетіп барады, ат үйден қашықтау қорада қамаулы тұрады. Есіктің сыртында қара құлып, әуелі құлыпты дайындап апарған өткір алмас арамен кесіп, ішке кіреді де, аттың аяғындағы кісенді де кесіп, атты қорадан алып жетектеп шыға бергенде, «ау, кімсің?!» деп қорадағы атты білуге бір жаяу адам келе жатады. Әкем ат үстінен еңкейе беріп жаңағы адамды шоқпармен тобықтан бір салып, жөнеле береді. Қар жауған кез, манағы өзі келген тіке жолмен жүруге болмайды. Ұзын аққан Қабырғаның бойымен «Аққұм, қайдасың» деп тартып отырады. Сол бетімен түнімен жүріп, із тастап, жолсызбен жүріп отырып Аққұмдағы туысы – бай, би болған ағасы Нұртайдың ауылынан түс әлпетінде бір-ақ шығады. Інісінің мінезін білетін Нұртай би Смағұлдың жай жүрмейтінін біліп, қорасындағы атты көріп: – Е, Смағұл, не бүлдіріп жүрсін? – деп сұрайды. Оған сасатын Смағұл ма, осылай да осылай, Сарбас жездеміз апамыздың үстінен тоқал алып, бізді басынып отыр, сол үшін Сарбастың жүйрік атын ұрлап алып кеттім» деп шынын айтады. Істің мән-жайын әбден түсінген ақылды Нұртай би інісі Смағұлға қарап: – Атты бұл жерде ұстап тұра алмайсың, Жыланшықтың арғы бетіндегі туыстарға апарып таста», – деп ақыл береді. Смағұл Сарбастың жүйрік атын Нұртай би айтқан туыстарына тапсырып, өзі Нұртайдың үйінде жата береді. Енді ат ұрлатқан Сарбас жездеміз таңертең аттың ұрланғанын біліп, әр жерге – ауыл-ауылдарға жоқшы жібереді. Ешкіш көрдім-білдім демейді. Қуғыншылар екі-үш күн қатарынан Қабырға, Торғай бойындағы елді аралап, құр қол қайтады. Сарбас жездеміз атының жоғалғанын айтып, қайын жұрты Аянбай балаларына адам жібереді. Барған жоқшылар Аянбайдың Смағұлынан басқа балаларының бәрі ауылда екенін айтып барады. Сарбас бұл істің Смағұлдан болғанын біледі және Аянбай балаларының ең жақын туысы Аққұмдағы Нұртай би екенін еститін де. Смағұлдан сезіктенген Сарбас енді үш-төрт жігітін Аққұм-Жыланшық бойындағы Қараларға (Қара біздің руымыз) астыртын адам жібереді, ел іші болған соң әр түрлі адамдар болады емес пе? Нұртайдың досы да, қасы да көп, солардың бірі Сарбастың адамдарына Смағұлдың бір ат мініп келгенін, қазір ол аттың қолда еместігін айтады. Жағдайға әбден қаныққан Сарбастың жоқшылары енді Нұртайдың ауылына келіп түседі. Көрегенді, ақылды Нұртай би келген кісілерді қонақжайлықпен қарсы алып, қой сойып, қонақасы береді. Дәмнен кейін Нұртай би қонақтардан шаруасын сұрайды. Сарбастың туыстары ағасының жүйрік атының жоғалғанын, соны іздеп жүргенін, аттың соңғы ізі осы жақта екенін айтады. Аттың ұрлаған Смағұл екенін сөз арасында айтып өтеді. Манадан бері қуғыншылардың сөзін қалт жібермей сабырмен тыңдап отырған Нұртай би қонақтарына қарап былай дейді: – Аттың ұрланғаны да, оны ұрлаушы менің інім Смағұл екені де рас, бірақ бұл жолы сіздерге ат берілмейді. Апасының үстіне тоқал алып, бізді басынды деп отыр Смағұл. Сондықтан Сарбас бұл іске билік айтар биін алып маған келсін, әйтпесе, менің айтқан билігіме тұрсын! – деп данагөй қарт келген жоқшыларға қарайды. Енді Сарбастың адамдары: – Сарбас келе алмайды, біз сіздің айтқан билігіңізге тұрамыз, – деп уәде береді. Манадан бері осыны күткен Нұртай би: – Жарайды, онда Смағұл атты қайтарсын, Сарбас тоқал алған айыбы үшін қайындарына, Смағұлға аттың орнына бір ат, он қой төлесін, – дейді. Бұған бір кісідей келіскен Сарбастың туыстары бір жетінің ішінде атты да, он қойды да қайындарына тапсырып, Аққұмдағы жасырынып тұрған жүйрік атын әзер алыпты. – Сөйтіп, Сарбас жездемді тәубесіне бір келтірдім деп, Смағұл әкем қарқ-қарқ күлетін еді. Содан кейін Смағұл әкемнен сескенген Сарбас жездеміз қайын жұртымен тату-тәтті өмір сүріпті. Бірауыз сөзге имандай иіп, тоқтаған ол заманның адамдары десеңші. Әңгіме әкем - Қорған Әмірхамзаұлының "Елдің Қорғаны" кітабынан алынды! Суретте қазіргі Торғай жері, Қоңыраулы бойы, Қостанай облысы! Фото авторы Жанболат Кенжеғұл!

0
0
805

Осы тақырып бойынша

Смағұл әкемнің жездесінен кек алуы - Yvision.kz