Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Соғыстан аман оралған ата-апаларымыз қайда екен?

Кішкентай кезімде атамның ерке қызы болып өстім. Ол кісінің әкесі туралы еш нәрсе білмейтінмін. Әкем осыдан бірнеше жыл бұрын өз атасы жайлы үлкен мақтанышпен айтып берген болатын. Әкемнің атасы-Қазақбай сол сұрапыл соғыста өз Отанын қорғап жүріп қайтыс болыпты. Әкемнің әңгімесін тыңдап отырып: "Сол соғыстан аман келген ата-апаларымыз қайда екен? Оларды тапсам қалай болады?" деп ойладым. Мектепке келсем, сынып жетекшім соғыстан аман келген батыр-атаның үйіне баратынымызды айтты. Қуанышымда шек болмады! Атаны көру үшін асығып, қобалжып жүрдім. Үйіне келсек онда ешкім жоқ. Көңіліме су сепкендей болды. Ұзақ күттік. Балалар у-шу болып, мазалары кетіп абыр-сабыр болды. Жетекшім "Келесі күні келерміз" деп балаларды алып кері қайтуға ыңғайлана бастады. Менің кеткім келмеді. Батыр-атаны бір көріп қайтқым келді. Ондай аңыз адамдарды күнде көре бермейміз ғой. Басым салбырап тұрған күйі көзімді жоғары көтерсем алыстан бір әже мен атаны көрдім. Қолтықтасып, баяу жүріп келеді. Менде бір үміт пайда болды. Олар жақындаған сайын атаның кеудесін жалт-жұлт етіп бір нәрсе жарқырап келеді. Сөйтсем ол атаның медальдары екен. Артымда алысқа ұзап бара жатқан сыныптастарым мен апайымды айқайлап шақырып алдым. Осыншама көп адамды күтпеген қарттар қуанып қалды. Қолымыздағы сыйлықтарымызды сыйлап, көңілдерін бір көтеріп жібердік.

Уақытымыз қайтуға таяп қалғанда қоштаса бастадық. Қарттардың көздеріне жас келді. Осы күнге жеткізген Аллаға дән риза. Әр қайсымыздың бетімізден шолп-шолп сүйіп баталарын берді. Сол бір ерекше күн есімде мәңгі жазылып қалғандай. Аз уақыттан соң сол атамыздың өмірден өткенін естідік. Сыныпта пайда болған үнсіздікті, бір-бірін құшақтап жылаған қыздар, қайғырып отырған апайды көріп "Ол өлген жоқ. Ата біздің жүрегімізде. Біз ол кісіні, оның ерлігін ұмытпағанша, ол-тірі" деп ақырын, дірілдеген дауыспен айттым.

Батыр ата-апаларымыздың ерлігін ұмытпайық! Сонда олар да мәңгі өмір сүреді!Жүрегімізде!

5
1
642

Осы тақырып бойынша

Соғыстан аман оралған ата-апаларымыз қайда екен? - Yvision.kz