Созақ көтерілісі туралы
Созақ жеріне сапарға барып келгеніміз жөнінде жазып жатырмын, дегенмен Сырлы Созақ, Теріскей жері туралы айтқанда тарихтан белгілі Созақ көтерілісі туралы айтпай кетпесем күнә болар!
Жалпы, ХХ ғасырда халқымыз басынан өткерген Ашаршылықтың үшінші кезеңі, яғни 1930 жылдардағы Зұлматтың алдында қазақ даласында ірілі-ұсақты 380 көтеріліс орын алып, оған 80 мыңнан адам қатысқан. Бұл кешегі батыр елдің бодан болған ұландарының соңғы бас көтеруі еді....
Аталған көтерілістердің географиялық аумағын қарап отырып, Батпаққара, Созақ, Ырғыз, Ақсу, Абыралы, Адай, Қарақұм және Тақтакөпір сияқты жерлер сияқты еліміздің барлық жерін қамтығанын көреміз.
Мәселен, Созақ көтерілісімен іргелес Қарнақ, Сарысу, Бостандық жерлерінде көтерілістер орын алғанын білеміз.
Нақты Созақ көтерілісіне қатысты айтатын болсақ, бұл Қазақстандағы ең ауқымды көтерілістердің бірі және көтеріліске қатысушылар арнайы ақ киім киіп, не өмір не өлім деп бастарын қатерге тігіп шығады.
Әрине, мұздай қаруланған жаудың қарсылығына қарамастан ең соңғы демдері қалғанша қарсылық білдірді, бірақ, күш тең емес еді.
Мысалы, Тоғайұлы Әбдіқадыр ақсақалдың естелігінен үзінді бере кетуді жөн көрдім ("Егемен Қазақстан" газетінен алдым).
– Бәрімізді бір әуліге әкеліп қамады. Жиырма шақты адам болуымыз керек, жапа-тармағай бізді ата бастады. Алғашқы дүркінде құлағандардың астында қалдым. Бірақ, аманмын. Үсті-басыма қан ағып, жұрттың астында жатырмын. Бір кезде болды-ау деймін, тып-тыныш… Әлгілер тағы аралай бастады. Дем алмай жатырмын. Жаныма келіп темекі тартып алды. Темекінің күлі көзіме түсіп кетті. Сол кезде сыр бердім бе, найзасын сұғып қалып еді, қолыма кірді. Шыдадым. Өлген ғой деді. Біреуі шылымның қалдығын тастап, өкшесінің нәлімен езе бастады. Бұл езіп тұрғаны менің көзім болатын (қарияның содан бір көзі ағып кеткен).
Міне, Тоғайұлы Әбдіқадыр сияқты басын бәйгеге тіккен Созақ өңірінің азаматтарының саны көп болған, кейін олардың төрт жүз-бес жүзі, кей деректер бойынша екі мыңы атылғаны туралы жазылады.
Көтерілістің ұйымдасқан сипат алғаны сондай, өз араларынан хан сайлап, билік тармақтарын орнатады.
Созақ көтерілісі туралы халық жадында мына жолдар сақталып қалыпты:
"Хан сайладық қарадан,
Азғантай ауыл Тамадан.
Шалақтың ұлы Сұлтанбек,
Хан болып шықты арадан.
Жұма күні қонаға,
Қыстақты барып басқанда,
Төрт жүз отыз бір адам.
Он төрт солдат өлтіріп,
Қалғанын Қоғашық қамаған.
Одан да өлмей қалған жоқ,
Орыс та қазақ шамасы,
Екі түйе оқ-дәрі,
Түсіріп алып талаған.
Жәрдемшісі болды Алла,
Азғана жүрді қадамы.
Кешікпей Созаққа қайтып кеп,
Шейтлер кетті адамы.
Сәрсенбі, сәске болғанда,
Созақта әскер қамаған.
Ұраншы келіп жетпесе,
Кім шығар еді қорадан?!
Шырылдап, шошып жылаған,
Киіз үйдегі балалар.
Зіркілдеп үйді атқанда,
Оқшашар септі қорғасын,
Етегіне сүрінген,
Шырылдаған аналар.
Дәу мылтықтан дөп түсіп,
Жай отындай от түсіп,
Айырылды жұрт панадан.
Шыдамады ұраншы,
Қоршауды бұзып талқандап.
Ортаға түсті «Аллалап!»
Айбатын айтсам сол ердің,
Айдаһарды баққандай,
Әділдігін сұрасаң,
Ажалды жолдан қаққандай.
Ажал септі оқшашар,
Атпады әскер, тоқтады-ай!
Жалғыздық Құдайға жарасқан,
Жартыға, уа, қанағат,
-О, Ел үшін туған ақмаңдай!
Себелеген қорғасынға селт етпей,
Туралап әскерге шапқанда-ай!
Тектілердің аруағы,
Шапанымен жапқандай.
Көшеде жатты шашылып,
Қан-жынымен сан адам.
Арманда кетті-ай жайсаңдар,
Айырылып бала-шағадан.
Іс қылды келмес шамадан
Шейіттіктен дәме етіп,
Өліп кетті сан адам.
Осы бір қайғы кетпейді,
Күйік болып санадан...".
Көтерілістің шығу төркіні мен себебін айтатын болсақ, ол қазақ халқының басына түскен ауыз езгі, халықпен санаспай олардың қолындағы бар мал-мүлкін тартып алуы, мәселен, 1928 жылы жеке аудан болып құрылған Созақ ауданынада 12 мыңға жуық отбасы, 1 млн. ұсақ мал болатын болса, содан кейінгі уақытта ілерге тұяқ қалмай, халықтың үштен бірі ғана тірі қалған!
Міне, сондықтан, шейіт болған бабалардың рухы алдында Созақ көтерілісі туралы ұмытпауымыз керек!
