Түркістан – ер түріктің бесігі ғой
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой! Мағжан Жұмабаевтың: «Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан— ер түріктің бесігі ғой . Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.» деген сөздері қандай керемет. Түркістанға дәл Мағжандай баға берген ешкім жоқ шығар, бірақ Түркістан туралы толықтыра түсінік бере кетейікші. Біріншіден, Түркістан түркі жұртының ұлысы, екінші, Түркістан дегеніміз көп жағдайда Орталық Азияға қатысты айтылады, әрине басынан бағы тайған Шығыс Түркістанымызды (Шығыс Қазақияны) ұмытпақ емеспіз. Түркістан облысы және оның бас қаласы Түркістан туралы жақсы білеміз, ал біздің сөз еткелі отырған тақырыбымыз Түркістан шаһарында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі туралы болмақ. Негізінде, осыдан біраз жыл бұрын Түркістанға арнайы ат басын тіреп, отбасыммен келіп кеткен едім. Әрине, ол кезде (Наурыз айында) желі қатты екен, суықтау болды. Бірақ, Түркістанның болашағы зор екенін сонда түсінгенмін, тек университет жұмыс істеп тұр дегенмен, менің Түркістанның Түркі дүниесінің астанасы болса деген де арманым да бар (иә, түркі мемлекеттерінің орталығы Түркістан болса қандай жарасымды, әрине, Орталық Азия елдерінің әрбірінің дербес мемлекет бола отырып, мәдени-саяси, тарихи-өңірлік жақындасуы, тіпті Еуропа Одағы сияқты мемлекеттер бірлестігі болса несі айып?). Сонымен, 2019 жылғы 11 мамыр күні таңғы асымды ішкен соң, асығыстау болсам да көңіл айту үшін алдында айтылған үйге бет алдым, алдын ала телефон шалуды ыңғасыз көрдім, өкініштісі ол кісілер Шымкентке кетіп қалыпты. Ал, Қожа Ахмет Йассауи кешеніне соқпай тағы болмайды ғой. Бірінші, бұрын қалай байқамағанмын, кешеннің маңында Түркістан қаласының музейі бар екен (ғимараттың өзі жаңылмасам 19 ғасыр ескерткіші, кезіндегі казарма екен, әрине үлкен тарихи музейге - Түркістан қаласының тарихи-мәдени этнографиялық орталығына бұрын барған болатынмын), уақыт тапшылығына байланысты оған кіруге мұрша болмады, бірақ, құдай қалап келесі жол түскенде баруым керек деп шештім. Әр сапарда сондай бір «өкініштер» болатыны түсінікті, сонымен қорық-музейге кірдім. Көше жақтан дарбазаға өттім де бір нәрсені байқадым, Орталық Азиядағы люлилердің бірі мұнда садақа сұрап тұр екен, бұрын Түркістаннан көрмеген сияқты едім. Әрине, Орталық Азиянының қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен, қарақалпақ пен памирліктер сияқты жергілікті жұртынан өзге аймақтың бағзы заманнан бері тұратын арабтары, еврейлері, сығандары да бар. Бір қызығы, Орталық Азия люлилері негізінен бұрын тәжік тілінде сөйлесе, енді түркі тілінде сөйлейтіндерінің саны бұрынғыдан да көбейіп келе жатыр. Бұны да бір барометр дейміз бе, әлде олардың ортаға бейімделуі дейміз бе әйтеуір осындай құбылыс бар. Этнолог ретінде, осындай жайттарға да мән беремін ғой. Жақсы, тақырыпқа қайта оралайын. Кешен аумағы абаттандырылғаны, жөндеу жұмыстары жүргізілгені, күтім жасалып, адамдардың, яғни туристердің ыңғайлылығы үшін жағдай жасалғаны көрініп тұр. Шынында, Қазақстан атынан ЮНЕСКО атынан тізімге енген мұндай бірегей кешенді әрбір қазақ (қазақстандық) көруі тиіс деп санаймын. Расында, кешеннің әдемілігіне, әсемдігіне сөз жетпейді, оны тек көру керек. Тиісінше, кешенде орналасқан мынадай ғимараттарға барып үлгердім, олар – Қожа Ахмет Йассауи кесенесі, Есім хан кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі сияқты өзге де ескерткіштер. Мүмкіндігінше тез аралауға тырыстым, басты мақсат Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне қайта кіру. Кіру ақылы, бағасы 200 әлде 250 теңге. Ішкі кіріп, ата-бабамыздың осындай керемет құрылыс нысандарын салғанына таңданысымды жасыра алмадым, кешенде бұрын да болғандықтан өзіме бейтаныс нәрселерді ғана айта кетейін. Ол осындағы ағаш астаулар болды, астау болғанда тұтасымен бір жылқы сыйып кететін астауларды бірінші рет көруім және жақсы сақталған екен. Айтқандай, мұнда да ағаш қасықтарды кедестірдім. Әртүрлі ыдыстар, қазандар мен ат әбзелдері де бар екен. Қазандықтың өзі неге тұрады? Енді, қалғанын суреттер баяндасын!





















