Түркістан шаһары
Түркістан сапарының соңы! Сонымен Түркістан облысына арналған екі күндік сапарымыз да аяқталды. Ойға алған мақсатымызға жеттік, барамыз деген нысандарымыздың барлығына дерлік барып шықтық. Әрине, 30 градус ыстық болғанына қарамастан және Ораза ұстап жүрсе де шыдамдылық танытып, екі күн бойы бірнеше жүздеген шақырымды бірге артқа тастаған «Түркістан туризм» туристік орталығы басшысы Нұрдәулет Медеуовке алғысымды білдіремін. Бұл оның туған жерге деген іңкәрлігі деп білемін. Сонымен бірге өңірдің ойы-қырын бір адамдай білетін Марат Заурбековке және оның туған-туысқандарына рахмет айтқым келеді. Енді, сапардың аз ғана күн болғанына қарамастан менің тарапымнан да өзге өңірдің жұртшылығы, жалпы осындағы достарымыздың да оңтүстік өңір туралы, оның туристік әлеуеті жөнінде қосымша мағұлмат алса екен деген тілек болды. Мысалы, аймақ туралы, ондағы туристік нысандар туралы бір-екі орысша және қазақша посттармен аяқтай салуға да болатын еді, алайда, көзбен көріп, жүрекпен сезіне білген жайттарды басқалардың да қабылдағанын қалар едім, сондықтан да осы уақытқа дейін тек аталған сапар бойынша Түркістан облысының туризміне қатысты 18 пост жазған екенмін, сәйкесінше ол ақпарат Фейсбуктен өзге, ВК, Твиттер әлеуметтік желілерінде және Ювижн блогнамасында қайталанды. Және жеткілікті түрде ақпаратты жаза және оларды қосымша фотолармен толықтыра білдім деп ойлаймын. Сонымен, 2019 жылғы 10 мамыр күні ауызашар уақытына дейін Сауран қаласының жұртынан Түркістан шаһарындағы «Уақ» атты қазақ дәмханасына келіп жеттік. Бәрі тамаша дегенмен, кейбір «әттегенайы» болатыны шын ғой. Мәселен, бұрын аталған дәмхананың тағамдары дәмді болған екен, «дәмді болған екен» деген себебім, біз үшін өзбек не өзге де Орталық Азия асханасы таңсық емес қой, ұлттық ас ішейік деп ойлағанбыз .... Білмеймін, бірақ, мен үшін уксусы көп кәуап та, тұрыңқырап қалған қымыз да ұнамады. Әйтеуір шаршағанымызды басу үшін бір шәйнек шайды алдырып, маңдайымыздан тер шыққанша ішіп алдық. Оған да шүкір... Әйтпесе, бұлар болашақта барлық клиенттерінен айырылып қалады не тағамды дайындауды түбегейлі өзгертуі керек. Өзге ойымыз жоқ, біздікі әйтеуір, ағайының аты озса екен деген тілек.... Сонымен, орысша айтқанда: «сказав «А», скажи и «Б» деген сияқты тағы бір жайтты айтайын. Қарға тамырлы қазақпыз ғой, әр өңірде туыс-туған, жора-жолдас бар немесе табылады дегендей, Түркістанда құдаларымыз тұрады, бірақ, ол кісінің шаһардағы туған құдағиы қайтқан болатын, сондықтан, қазақта кешке көңіл айтпайтындықтан, ол кісінің үйіне бармай (таңертең кіріп шығу керек деп шешім қабылдағанмын), қонақ үйде қона салуды жөн көрдім, жуынып-шайынып, ертеңгі жолға дайындалуым және жақсылап тынығуым керек дегендей. Әдетте, қонақ үйлерге Букингком сервисі арқылы тапсырыс беремін, біріншіден ыңғайлы, аталған қонақ үй ұнамаса, олардың қызметіне шағым жасауға болады және оны пайдаланушы қонақ үйлер мен хостелдер сондықтан тұтынушылардың, яғни туристердің көңілінен шығуға тырысады. Сөйтіп, сапарды жоспарлау барысында Нұр-Сұлтан қаласында отырып, тапсырыс беру үшін осы сервистік қызмет сайтына кірген кезде тіпті Түркістан қаласын таба алмадым, әрі іздеп, бері іздеп, әйтеуір таптым-ау, сонымен, Түркістанда қонақ үй қызметін ұсынатын екі-ақ мейманхана бар екен. Бизнеске бейім оңтүстік жұртының мұнысы несі деп қоямын, ал аталған екі қонақ үйдің бір тәуліктік бағасы 14 000 және 20 000 теңге деп көрсетіліпті. «Құрбақам құрқылдап кетті», бұл орысша айтқанда біреудің «жаба душит» деген сөзін аударғанын радиодан естіп, өзімше қызық үшін пайдаланып жүрген тіркесім. Содан, Түркістан қаласының сайтына кірсем, бірнеше мейманхананың мекенжайы мен байланыс телефоны жазылып тұр екен, бір ғана хостел тіркеуде бар екен. Тәуекел деп, хостелге тапсырыс бере салдым. Сәйкесінше, осында, яғни Ер-Нұр хостеліне келіп тоқтадым, әрине бірден айтайын, жаңа ғана ашылғандықтан мұнда да «әттегенайлары бар екен», ол бойынша өз білгенімді айтып кеттім, бастысы әсіресе шетелдік қонақтарды қабылдау үшін Букингком сияқты шетелдік сайттарға тіркелу қажет екенін түсіндірдім. Нәтижесі бар екен, бүгін әдейілеп қарасам, манағы екі қонақ үйден өзге, Ер-Нұр хостелі де тіркеліп үлгеріпті. Бәлкім Түркістанға жолыңыз түсіп жатса, керек болып қалар, сілтемесі міне, тәуліктік бағасы 2000 теңгеден басталады, әрине 20 000 теңгенің қонақ үйіне де тоқтауға болады, оны Сіздің патша көңіліңіз білсін: https://www.booking.com/hotel/kz/khostel-er-nur.ru.html… Түннің біраз уақыты бойы фотоларды қарап және ертеңге жоспарымды тағы пысықтап, кеш жаттым. Таңертең хостел қожайыны келіп, менің туризм саласының маманы екенімді біліп, біраз әңгімеге тартты, әрине оқыған-тоқығаным мен көрген-білгенімді айтып, ойымды білдірдім. Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласында да біздің хостеліміз бар ғой, айтқандай орын керек болып жатса, онлайн тапсырыс бере салыңыз, сайтымыз міне: http://hostelviktoria.kz/ Таңертең таңғы шайымды ішіп алған соң, әуелі қайтқан кісінің үйіне соқтым, қасиетті Түркістанға келіп тұрып, Қожа Ахмет Йассауи кешеніне кірмей кету күнә ғой. Кешенді аралап, тағы да рухани ләззат алдым, бұрынғы келгеніме қарағанда көш ілгері екен. Жалпы, Түркістан шаһары Өздеріңіз білетіндей қатты өзгеріске ұшырып жатыр екен. Қала көшелері жөнделіп, жаңа ғимараттар бой көтеруде, маған Нұр-Сұлтан қаласының салынып жатқан кезін елестетіп кетті. Шынымды айтсам, қуандым, себебі осындай өзгеріске Түркістан шаһары қай жағынан алсақ та лайық қой! Әлқисса, автовокзалға да жеттім, ендігі бағыт Қызылорда облысы! Айтқандай, бұл фотолар кешеннің сыртында ғана түсірілген, құдай қаласа Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің ішкі жағының да көріністерін кейін тағы салармын! Әзірге мына фотоларды қараңыздар:


























