Тәжікстан сапары, 3-4-ші күндер

Таңертең ұйықтап жатып, асқазаным ауырғаным байқадым. Кешегі әртүрлі тағамдарға жасаған «дегустациям» нәтиже берсе керек?! Негізі, ащы-тұщы тағамдарды көп пайдаланбаушы едім, бар бәле өзімнен, «Ішің ауырса аузыңды тый,көзің ауырса қолыңды тый» деп дана халқымыз бекер айтпаған-ау!
Енді, не қарекет қылмақ керек? Бір емес екі жоспарым бар еді, алғашқысы солтүстікке жолға шығу, келесісі бүгін Душанбеде ел Президентінің қатысуымен өтетін Наурызға арналған шаралар. Арнайы шақырту да алған едім (ол үшін «Сайру Сайёхат» туристік фирмасының басшысы Мааруф Нодариға рахмет).
Амал нешік, белсендірілген көмір ішіп, амалдауға тура келді.
Бәлкім, тез сауығып кетермін деген үміт бар, мүмкін жолға шығып кетермін?
Амалсыз емделуге тура келді, қысқаша айтқанда бір күнім босқа кетті. Не істейсіз?
Бұл күні ешқайда шықпадым, бірақ кеш жаттым.

Сонымен, өзіме өзім келген соң, келесі күні таңертең ерте тұрып, Душанбедегі үш нысанға бет алдым.
Біріншісі – Исмаилиттердің орталығы. Мақсат – олармен танысу, әрине біз Исламның сүннит тармағына жатқанымызбен, өзгелерді де тани білуіміз керек деп ойлаймын. Жалпы, Орта Азияның бәрі сүнниттер (жергілікті халықтар) болғанымен (біз ханафи мазхабына жатамыз), дәл Таулы Бадақшан тұрғындары шиіттердің исмаилит бұтағына жатады. Жалпы, Бадақшандықтар өзгеше халық, тілдері шығыс иран тобына жатады, дәстүрі мен мәдениетінде де алшақтық бар, оның үстіне бірегей халық емес, әртүрлі ұсақ халықтар. Мысалы, Дағыстанның бір ауылы екінші ауылын түсінбейтін болса, бұларда да сондай жағдай. Өзі түрлері де өзгеше, еуропеидтік белгілері де бар. Ескендір Зұлқарнайынның ұрпағымыз деседі. Оларды, аумақтық бөлінісі бойынша жалпы Ауған Бадақшаны мен Тәжік Бадақшаны деп бөлуге болады. Көп бөлігі Ауғанстанда тұрады, ал азшылығы осында – Тәжікстанда тұрады. Олармен шекаралас, ауған жеріндегі Кәпірстан деген таулы аймақ, ел болған, Ауған патшалары тек 1880 жылдары ғана бағындырған. Кейін Нұрстан деген атау алған. Одан әрі буриштер деген ұлт түрады. Тілдері ешкімге ұқсамайды. Қайдан келген, неғылған жұрт ешкім біліп болмайды. Олармен шекарада Балтистан деген тағы бір жұрт бар. Бұл енді Кәшімірдің Үндістан мен Пәкістан шекарасы маңындағы жұрт. Бір қызығы, олардың айтуынша осыдан 300 жыл бұрын Орталық Азиядан келген халықтармен араласудан кейін пайда болған. Тіпті видеоларын да қарадым. Бұл Мұхамед Хайдар Дулати заманынан кейінгі ата-бабаларымыздың байланысы ма екен?

Тағы бір қызығы Таулы Бадақшан халқының діни көшбасшысы түркі жұртының кезінде Иранды билеген Каджар әулетінен шыққан.
Оны айтасыз-ау, Үндістанда пайда болып, кейін қазір Ахмадия атауымен белгілі діни ұйымның басшысы Мырза Ғұлам Ахмад та кезінде моғол отбасынын, дәлірек айтсақ барластардан шыққан екен.
Енді, тақырыпқа қайта оралайын.
Қысқаша айтқанда этнолог ретінде қызығушылығымды тудырғаны рас.
Сөйтіп, таңертең Рахш таксиге тапсырыс бердім, жүргізуші тез жетіп, Исмаилиттер орталығы ғимаратына келдім. Бірақ, мен бір нәрсені ойламаппын. Өйткені, мереке болған соң аталған орталық бүгін жұмыс істемейді екен. Ал, шетелде, мысалы Үндістанда бахаистердің Лотос храмын көргенім бар еді. Сонымен қарауылшылардан Гурминдж Завкибеков атындағы музыкалық аспаптар музейіне қалай жету керектігін сұрадым. Жолдан өтіп, жаңылмасам № 8 автобусқа отыру керектігін түсіндірді. Аялдамаға да жеттім, бірақ ұзақ күтуге шыдамын жетпеді. Көшеден такси ұстап Славян-Тәжік университетіне бағыт алдым. Бірақ, такси жүргізушісі таба алмай, орта жолдан түсіп қалдым. Келесі таксиге отырдым. Ол да таба алмады. Сөйтсем, бұрынғы мекенжайынан көшіп кеткен, ол жерде өзге бір компания отыр. Жаңа мекенжайын тағы таба алсамшы? Анадан сұраймын, мынадан сұраймын. Тірі жан білмейді. Сөйтіп тұрғанда жиналып отырған 3-4 кісіні көрдім. Солардан сұрадым. Оның ішіндегі Шойын деген жігіт көлігімен апарып тастады. Оның өзінде, қонақ үйден шыққанда, музейдің телефонын жазып алғанмын, сол жақсы болды. Тағы таба алмадық. Сөйтсек, ғимараттың сыртында жазуы да жоқ. Бір қыз бала қайта көрсетіп жіберді. Оған және шешесіне рахметімізді айтып, музейге бардық. Өкінішісті музейде реставрация жұмыстары жүріп жатыр екен. Қайта реставраторлар кіруге рұқсат беріп, өздері гид болып таныстырып жүр.

Бірінші Гурминдж Завкибеков кім дейтін болсақ, ол Таулы Бадақшанда туып, жастайынан музыкаға қызығушылық танытқан талант иесі. Кейін Ташкентте оқып, Душанбеге қайтып келген соң көптеген фильмдерге түскен. Оның сыртында кейіннен музыкалық аспаптарды жинай бастаған. Музейдің өзі 1990 жылдардан бастап жұмыс істейді екен. Қазіргі күні мұнда 200-ден астам негізінен Таулы Бадақшан, Тәжікстан, Орталық Азия елдерінің және Шығыс пен Батыстың музыкалық аспаптары жинақталған.
Орталық Азия халықтарына тән үрмелі, ішекті, соқпалы-шулы аспаптардың көбі бар. Мысалы, банджо, сетар, рубаб, танбур сияқты аспаптардың бірнеше түрін көрдім. Тіпті, піл сүйегімен өңделген Қашғар сетары да кездеседі. Жалпы, мұнда музыкалық аспаптардан өзге, Таулы Бадақшан халқының тұрмысы мен күнделікті өмірінде тұтынған заттары – аяқ киім, ыдыс-аяғы да қойылған. Кейбіреуіне тіпті 400-500 жыл болған.
Осыдан жарты мың жыл адамдар тұтынған заттарды ұсатағанда басқа әсерде болады екенсің, айтқандай бөдене өсіруге арналған себет, ағаш аяқ киімдер де ерекше көрінеді екен. Бір қызығы қазақ пен қырғыздың домбырасы мен қомузы қатар тұр, қызық көрініс, «қазақ-қырғыз музыкада да бір туған» деп ойлап қоямын.

Айтқандай, Алматыдағы Ықылас атындағы ұлттық аспаптар музейіне Тәжікстан елі 15 музыкалық аспапты сыйға тартқанын естіп едім. Тамаша жаңалық!
Сонымен, Шойынға шоколад сыйға тартып, оған және реставраторларға рахметімді айтып, қоштасып, Тәжікстанның Ұлттық музейіне жолға тарттым.
Таксиге отырған соң жылдам жеттім.
Негізі, бұл музейге бірінші күні келген болатынмын, бірақ асығыстау болып бәрін қарап үлгермеп едім.
Енді, асықпай қарап шықтым. Бұрынғы танысым Мирзоева Хосият атты экскурсовод қарындас әуелі асыл тастар мен сыйлықтардан тұратын шағын дүкенге (музейдің ішінде) алып барды. Тәжік жері таулы-тасты болғаннан соң, мұнда әртүрлі көркем, әшекейлік тастар өндіріледі және олардан әдемі моншақтар сияқты заттар жасалады. Қыштан жасалған магниткалар бар екен, бар болғаны 10 сомони. Өзімше сыртта арзан болар деп алмай кетіп, едім, қала дүкенінде 20 сомони, әуежайда 50 сомони екен. Сауда ғой!
Сонымен, Табиғат бөлімі, Ежелгі тарих және орта ғасыр бөлімі, Жаңа және таяу жаңа тарих бөлімі, Бейнелеу және қолданбалы өнер бөлімі сияқты залдардан тұратын музейді аралауды бастадым.

Ел тарихына қатысты барлық жәдігерлер жинақталғаны көрініп тұр, тәжіктердің өз дәстүрі мен тарихына мұқият қарайтыны білініп тұр. Мен барған кезде «Наурыздан Наурызға» атты дәстүрлі жыл сайынғы көрме өтіп жатыр екен.
Сонымен, Тәжік елінің бағзы заманнан бастап қазіргі күнге дейінгі тарихымен, өнерімен, салтымен танысып, табиғатын көріп, түстен кейін қаланы аралауға шықтым.
Саманиге арналған ескерткішті көрдім, сауда үйлерін аралап көрдім, базарларына бардым, қажетті заттарымды сатып алып тағы да таксиге отырым қонақ үйге оралдым. Орталықпен жаяу жүріп көрдім.
Бүгін сағат түнгі екіде Душанбеден Астанаға ұшуым керек. Дайындалып, сағат түнгі он екі кезінде әуежайға да жеттім. Барлық тексеруден өтіп, билетімді қолыма алып ұшаққа да міндік-ау!
Сөйтіп, таңғы бес шамасында Нұр-Сұлтан қаласына келіп қондық.
4 күн көрген түстей өте шықты, жалпы Тәжікстан сапары жақсы әсер қалдырды.
Наурыздан Наурызға жете берейік!
Фотоға түсірген автор!

