Тобықты - Арғынның бір бұтағы
Жалғасы. Басы: "Найман & Арғын. Аралас тарих": https://yvision.kz/post/888335
XIII ғасырда Ұлы Қаһан Шыңғысхан киіз туырлықтының бәрінің басын біріктірем, Мәңгілік Түрік Елің жаңғыртам деп, қазіргі заманауи тілмен жеткізгенде далалық террорды, тайпа аралық соғыстарды тоқтату, сепаратизмды, трайбализмді жою мақсатында байырғы түркі тайпаларын көжедей араластырып біріңғай «мұғұл (маңғұл)» полиэтникалық қауымын құрмақшы болды. Аламан әскер халқын түмен, мыңдық, жүздіктерге бөліп, бір ұлыстың көсемін екіншіге басшы қойды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін тайпалық сана қайта күшейді...
Қазақ «Арғын» қауымы (тайпасы) сол кезде, XV ғасырдың ортасында қалыптаса бастаса керек. Мәшһұр Жүсіп «Біздің Арғынның ар жақ, бер жағында Қидан (Қодан, Қотан) Тайшы(дан) (басқа) ешкім аталған жоқ. Дайырқожаның әкесі Қидан тайшы» дейді. Шәкерім жазғандай Дайырқожа-Ақжолдың өлімі Жәнібектің Абылқайырдан бөлініп, Қазақ Ордасын құруға себеп болса, аталған тұлға XV ғасырдың алпысыншы жылдары қайтыс болған.
Қазіргі Арғынның шежіресі бойынша менің шоң нағашым Тауфиқты (Тобықты) - Ақжол (Дайырқожаның) шөбересі, Қарақожаның (Ақсопы) ұлы Кенжесопының бел баласы.
Қазақ Арғын тайпасының бастауында тұрған серкелердің есімдеріне қарасақ бұл кезде бастау алып жатқан Қазақ ұлысында ислам діні, далалық суфизм (сопылық) бел алып, шиыршық атып жатқан болу керек. Арғыннан тарағандар өңшен «Қожа» мен «Сопылар». Мәшһұр Жүсіп «Шәкерімнің шежіресінде "Тобықтының аты – Таупықты (Тауфиқты) дегені өтірік. Тауфиқ – араб сөзі. (Бұл кез) қазақ оны білмейтін күні, балаларының атын «Боқбасар», «Итаяқ», «Құтаяқ» қойып жүрген күндері». Шәкерімге қарсы айтамын деп Жүсіп сопы артық айтып, қата кеткен. Атасы Қарақожа-Ақсопы, әкесі Кенжесопы болса, баласы неге Тауфиқты болмас.
Қарақожаның үлкені Қанжығалы. XIX ғасырда өмір сүрген Керейден шыққан Сегіз Сері (Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов) «Бөгенбай батыр» поэмасында «Кім десен Қаңжығалы, Тобықтыны, Арғында Кежесопы баласы екен» дей келе, бұларға іні деп қыпшақтан шыққан асыранды Күрлеуітті атайды. «Үшеуіне тірлігінде бақыт қонған, оларға әулиелік мирас болған». «Үшеуі» деп отырғаны – Қаңжығалы, Тобықты және қыпшақ Күрлеуіт. Қыпшақ та Арғынның бел баласы болған екен.

... Менің бір жолдасым қашанда «Тобықты – Арғын емес» деп отырады. Сонда кім? – деймін ғой. Тобықтымыз, - дейді. Расында, мен туып-өскен Абай елінде, Қарауылда пәленшеке туралы «ол Тобықты емес, Арғын» дегенді талай естуге болады.
Тобықтының тарихын білгір шежіреші Бекен Исабаев «Қандай шала байлансын (Тобықтыны) Арғын тайпасының бір бұтағы емес дей алмайды (ешкім). Тобықтының данқтану басы Кішікұлы Әнеттен басталады. Ұлтымыздың ғасырлар бойына үзіліңкіреген ғалымдық сипаты Әнеттен жалғасын тапқан. Шәкерім: Әнет бабаң Арғынның ел ағасы, Әрі би, әрі молда ғұламасы, - дейді. Академик Әлкей Марғұлан Әнеттің Бұқардағы ең жоғарғы діни оқу орнын (Көкілдаш медресесін, Е.М.) бітіріп, ғұламалық, яғни академиялық дәреже алғаны туралы құжат сақталған деген. Әнеттің Қаз Дауысты Қазбекке де ұстаз болғаны мәлім. Әнеттең кейінгі Қараменде, Кеңгірбай билер халқымызға мәшһұр адамдар» деп жазады.

Қарауылдағы Әнет Баба ескерткіші
"Шала байлану" туралы әңгіме қызық. Бала кезімде қиялдайтынмын. Інжіл мен Таураттағы Мысырдың шөлін кезген Мұса (Моисей) елі сияқты Тобықты аталарым елу жылдай Дәшті Қыпшақты кезіп жүріп ақыры Шыңғыстауына оралады. Жарты ғасыр «есі-дерті керегелі Шыңғыста» - Шыңғыс таулары мен даласында болыпты. Байырғы заманда бұл өңір аңызда айтылғандай кереметтей болған шығар, ал менің балалық шағымдағы Шыңғыстау - желегі аз және ұсақ, райы құрғақ, желді, жазда қапырық ыстық, қыста аязы қатты мекен. Яхудилермен ары салыстырсақ, олар да суы жоқ, жасыл желектен жұрдай Синай жазығына ғасырлар бойы ұмтылған. ХХ ғасырдың басында ағылшын премьер-министрі жайнап тұрған Кенияның жерін ұсынғанда, олар Осман сұлтанынан жалынып шөл даласын сұраған. Себебі, Палестина – ата жұрт, сакралды мекен. Менің нағашы аталарыма да бүкіл сақарада Шыңғыстан артық жер болмаған.

Құпия неде? Жердің аты - Шыңғыстың тауы мен даласы. Оқу бітіріп Алматыға жұмыс іздеп келгенде Советхан Ғаббасовпен дастархандас болып қалдық. Қай жердікісін? деп сұрады. Айттым: Шыңғыстаудан деп. Көзі жанып кетті. Шыңғысханның ұрпағысың ғой деді. Найманмын, - дедім, шешем – Тобықты. Ой, сенің нағашыларың Шыңғыс ханның ұрығы, нағыз Бөріжеген Қияттар деді. Маған Тобықтылардың Қияттан шыққаны ұнай кетті. Романтикалық сарыны бар әңгіме. «Тобықты - Қаған елі» дегені - қияли бозбалаға таптырмас дүние. Байлаудың шешілуы осы шығар дедім іштей. "Тобықтылар – Шыңғысханның «ұрығы», Арғындардан бөлініп отыруы содан" дедім өзіме. Бұл тұжырым бәрін үйлестіріп, орын орнына қоятын сияқты болып көрінді. Неге елу жыл бойы Централ Эйжнды кезіп жүріп, нулы Шуды бойын менсінбей, Сырдың бойын тастап, шөптен гөрі тасы көп тау мен далаға көңілдері ауып тұрды. Өйткені ол - бабасы Шыңғыстың жері, сакралды мекені. Ешқай жерге айырбасталмайды.

Мұнарланған Шыңғыс тауы.
Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» оқығаннан кейін осы бағыттағы ойым беки түсті. Хакіміміз жазады: «Маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақты маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят». Ол кезде әкем маған «маңғұл» сөзінің мағынасын ұқтырған. Арабтың ба әлде қытайдың ба деректерінен жас кезінде оқыған. Әкем менің ғұлама адам және бір оқығанын ешқашан ұмытпайды. «Маңғұл, - деді әкем, - бәлки, «қазақ, түрки» атауының баламасы. Ислам діні қазақ даласына ене бастағанда оны қабылдамаған тәңіршіл түркилер шығысқа қарай көше берген. Сөйтіп, байырғы ата-жұртына да жеткен, осы күнгі моңғол жеріне. Сол кезде батыста қалғандар «сартқұл», шығысқа ыққандар «маңғұл» деп аталып кеткен. Шыңғыс хан кейін өз жұртын «маңғұл» деп жариялағаны осыдан». Нақты қайдан оқығаның сұрамаппын, бірақ бүгінгі тарихнама тұжырымдарына саяды. «Маңғұл» атауы Шыңғыспен бірге пайда болғанын қазір бәрі мойындайды. Гумилевтан түргештердің Сұлу ханының шығысқа жылжып бара жатып арабтарға берген жауабын да оқыдым. «Менің жаугерлеріме саудагер, етікшілердің діні керегі жоқ», - депті. - «У меня все люди воины, а у вас кто? Ремесленники, сапожники, купцы. Мы же ведь этого ничего не умеем, значит, и ваша вера нам не подходит». - Біраз әсірелеп айтылған, мүсілім бола тұра арабтар да жауынгер халық болған, болмаса олардан түркілер ыға ма.
Маңғұл қазақ мекені Шыңғыстау туралы Абай былай дейді: «Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар „құтты болсынға" барыпты. Бірақ қай жерде барғаны мағлұм емес, сөйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі маңғұлдың заңы бойынша „Хан" деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек». Абай «моңғол» атауын білмеген, жазғанының транскрипциясы осылай – «маңғұл». Абай тағы былай толықтырады: «Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар „татан" деп жазды. Асыл түбі қазақтың — сол татар. Осы күнде де қазақтың төре нәсілдері өзің-өзі біз татармыз деп айтысады. Онысы біз келімсек емес, түпсіз емес, таза тұқымбыз деген орынға айтылады, татардың кім екенін білгендігімен айтқаны емес. Шыңғыс аламандыққа аттанып, әскер тартып шыққанда әскерінің көбі татар екен дейді. Қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылыпты, бұларды Шыңғыс Жошы деген үлкен баласына билетіпті». Бұл тақырыпқа әзірге ары бармаймыз, Шыңғыстың тауының тарихына айналып оралғанда айтармыз. Тек «есі-дерті – Шыңғыста» Би Атам Кеңгірбайдың «Құландай жөңкіліп ата-бабамыздың қонысы Шыңғысқа келдік» дегенімен бірге Тұрсын Жұртбайдың «Тобықтының тегінде хан тұқымының қаны барлығы тарихи шындық» деп жазғанын еске алайын (Қатаған Тұрсын хан тұрғысында айтылса да, біздің жорамалға дөп). Әлихан Бөкейханұлы да «Абайдың әкесі Құнанбай тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына ғана лауазымданатын Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы» туралы жазған. Ахмет Байтұрсыновтың «Жоқтау» кітабында «Кеңгірбай биді (Қабекеңді) жоқтауында» «Асылы нұрдан жаралған» деген жолдар бар. «Нұрдан жаралған», «садағың сағымға ілген» деген теңеулерді бұрынғы қазақ фольклорында тек Шыңғыс хан, Жошы ұрпақтарына арналған жырларда кездестіруге болады. Кейіннен бұл теңеу көпқолды болып кетті, әйтседе...
Жалғасы бар.

