Валера мен Юра және Сергей туралы

1-cурет. Ауылым - туған мекенім!
Менің ауылым қияндағы, Астанадан 1000 шақырым жердегі бір ауыл. Ондай ауылдар Қазақстанның әр түпкірінде кездеседі.
Әңгіме сол ауылдың балалары, дұрысы өзіміз қатар өскен Юра мен Валера және Сергей туралы еді.
Ауылымызда 10 шақты ғана өзге ұлт өкілдері тұратын, бір қызығы әке-шешелері бәлендей қазақша сөйлемейтін, бірақ балаларының сөздері мірдің оғындай болатын.

2-сурет. Біздің құрдастарымыз осы баладай еді. Фото Интернеттен алынды.
Бір күні Валера мен Юраның мынадай сұхбатына куә болғанбыз.
Валера Юраға "түйе" деп тиісіп жатыр екен (Юра құныс болатын), ал Юра оған "ешкі" деп жауап қайтарып жатты (терісінің сары болғанын меңзеп айтқаны).
Екеуі бір бірін мақалдап, жаңылтпаштап сөйлегенде басқа ұлт өкілі сөйлеп тұр деп тіптен ойламайсыз!
Кейін алтыншы сыныпта ма екен Валераның әке-шешесі қайтыс болды (фамилиясы Дзелевский болуы керек), үлкен кісілер ауылда алып қаламыз дегенмен, Кеңес Үкіметінің заңы қатты, Валераны Есіл деген қаланың балалар үйіне алып кетті.
Түскен бойда орысша емес қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін орыс баласын (шынында әкесі поляк, шешесі белорус еді) "мұқұлаштың" астына алады. Және бұл жағдай күнде қайталанады, бірақ түптің түбінде өзінің қайсарлығымен Валера оларды мойындата алады.
Кейін есейгенде ауылға жыл сайын келіп трактордың рөліне отырып жұмыс та істеп жүрді. Бір заманда, ауылдан сән кеткен мезгілде оның қайда кеткенінен көз жазып қалдық. Біреулерден Қостанай жағында деп естідік.
Ал Сергей деген құрдасымыз оқушының озаты болатын, оны да көрмегелі қай заман?
Шынында өз қатарымыздағы оларды арамызда біреуіміз өзге ұлт өкілі деп бір жан кемсітіп көрмепті, ондай әңгіме тіптен болмайтын, шынында біз нағыз интернационалистерміз ғой, қазіргі "қазақ ұлтшылдарын" іздеушілердің пікірлерін оқығанда есіме түскені!

3-сурет. Бақытты балалық шақ!
