Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қырыққыз сарқырамасындағы серуен

Қазығұрт ауданында екі жерде Қырыққыз табиғи тас мүсіндері кездеседі. Бірі - Өгем жолында, екіншісі - Аққұм аңғарында. Олар туралы интернетте мәлімет жеткілікті. Тіпті Қ.Ергөбеков секілді журналист ағалар Қырыққыз тас мүсіндері туралы түрлі аңыздарды топтастырып, арнайы кітап етіп жариялап жатыр. Сондықтан, олар туралы аңыздарға көп тоқталмай, бүгінгі серуен арқылы көпшілік біле бермейтін табиғи ескерткіш – Қырыққыз сарқырамасы туралы әңгімелейік.

Қырыққыз сарқырамасы туралы аз-кем материалды massaget.kz сайтында жариялағанбыз (сілтеме https://massaget.kz/blogs/16744/). Блогымыз жарияланғаннан соң біршама жұрт сарқыраманы көруге қызығушылық танытқан болатын. Тіпті, материалымыздың өңін өзгертіп, өз аттарынан жариялаушылар да табылған-тын.

Қырыққыз сарқырамасына ең жақын Аққұм ауылына былай жетесіз

Қырыққыз сарқырамасын көруге көптен қызыққан жандардың бірі – Ғалымжан Оразымбет досым еді. Барудың сәтін күтіп жүрсе керек, ара-тұра жету жолын сұрап қоятын. Соның сәті бүгін туды.

Қырыққыз сарқырамасы – Қазығұрт ауданының ең биік сарқырамасы. Қаржантау сілемдерінен басталатын Қарабау өзенінің суы 43 метр биіктен құлайды. Өзіне тән сұлулығы бар. Көктемде, мамыр мен маусым арасында өзен суы мол кезде келе қалсаңыз, тастан-тасқа соғылып, майда түйіршіктерден бу секілді көрінетін су тамшыларымен денеге соққан салқын лептен керемет ләззат алуға болады.

Досым - Ғалымжан Оразымбетпен бірге Қырыққыз сарқырамасына жолға шықтық

Сарқырамаға жетуді ойласаңыз, google-maps картасы жолбастаушы бола алады. Баратын жолынан бастап, суреттеріне дейін керекті деректерді ендіріп тастағанбыз. Шымкенттің «Колосынан» Алтынтөбеге қатынайтын таксилердің біріне отырып, 80 шақырым қашықтағы «1-мамыр» ауылына 1 сағатта жетіп келесіз. Одан кейін Аққұм ауылына 4 шақырым асфальттелген жол күтіп түр. Аққұмға жетіп алсаңыз, арғы жағынан Қырыққыз сарқырамасы 3 шақырым жерде тиіп тұр.

Аққұм ауылы. Жақсығұл мерген кесенесі

Тамыздың төрті. Ғалымжан досымның «Колостан» мінген көлігін «1-мамыр» мектебі алдынан күтіп алдым. Сонсын екеулеп Аққұмға қарай жаяулап ұрдық. Бұрын «Аққұм» мектебінде қызмет еткенімде талай жаяу жүрген жол. Көптен көрмеген курстас досыммен әңгіменің қызығымен оп-оңай жетеміз деп ойлағам. Кенет жолай бір мәшене тоқтай қалды. Көзтаныс аққұмдық кісі екен. Аққұм ауылына кіре берістегі Жақсығұл мерген кесенесі алдынан қалдырып кетті. Жақсы болды. Алдымызда, күнгей беткейдегі қыратта өз заманында Есім ханның гвардиябасы болған, Салқам-Жәңгір ханның Орбұлақ шайқасында мергендер қосынын басқарған әйгілі Жақсығұл мергеннің кесенесі тұр. Қазақ тарихында өзіндік орны бар батыр басына зиярат етіп шықтық.

Жақсығұл мерген кесенесінен Қырыққызға жету жақын

Одан әрмен Аққұм ауылы көшесімен Қаржантау тауының сілемдеріне қарай аяңдадық. Ауылдан шыққасын Қарабау өзенінің бір саласының аңғарын бойлай біршама өрледік. Тау қызыл доланасы қалыңдайтын тұсынан Қырыққыз тас мүсіндері тұрған шамадан төтелеп қырға шықтық. Долана тікенектеріне жырылып ығыры шыға бастады ма, бір кезде Ғалекем келгеніне өкіне бастады-ау дейм, кейи бастады;) Мен болсам, үнсіз жымиып қойдым да, үнсіз ғана жол бастадым. Бір сәтте Ғалекем:

- Оооо, керемет! Тамаша! -деп айқайлап жібергенін байқамай қалды;)

Қырыққыз тас мүсіндері әдеміленіп көрінетін тұс еді. Суретке түсіріп жүріп таңданысын айтып қояды.

- Өгемнің Қырыққызына жетпейді, кәнешні. Бірақ мына Қырыққыз анау Қырыққыздан әдемі екен.-деп таңданып, салыстырып жүр.

Қырыққыз табиғи тас мүсіндері

Жоғарыдан суретке түсіріп болғасын, ақырындап төменге түстік. Ғалекем мықты альпинист те екен. Ырғып-ырғып, секіріп Қырыққыз тас мүсіндері арасына өрлеп, еніп кетті. Қырық қыз серуеніне ілесіп, жеке-жеке танысып шыққысы келген болар, ойында не барын ұқпадым.

Ғалекем Қырыққыздың қырық қызымен жеке-жеке танысуға кетті

Аққұм аңғарындағы Қырыққыз табиғи тас мүсіндерінің физикалық келбеті ерекше. Үгілгіш шөгінді керіштасты, әктасты қызыл топырақты болып келеді. Төңірегінде айнала таудың бұжыр қара тастары болса да, табиғат тек осы жерде әдейілеп аппақ тастардан көркем мүсіндер жасағандай. Сырттан алысырақ қарағанда, шынында да аңызда айтылатын қырық қыз сарқырамада шомылып жатып, жау келе жатқанын естіген соң үркіп, шыңғыра қырға қарай жүгірген ақ желбегей жамылған топ қыздарды елестетуге болады. Қырық қыздың кейбіреулерінде үстіндегі жамылған аппақ жамылғылары түсіп, тек қызыл терісі жылтырай көрінетіндей ме?

Сонымен, Қырық қыздың арасына кеткен Ғалекем де сырласып болғасын төменге оралды. Ода да жүрек бар екен-ей. Қырық қыз жан-жағынан жамырасып қалай сырласты екен? Білген сырын маған айтпады бірақ.

Мұнда бірнеше ұсақ сарқырамалар көп

Тау бүлдіргені

"Билайн" ара

Төменге түсіп, өзен суына қол-басымызды шайып, дем алып алдық. Өзен суы салқын. Әрмен қарай өзен бойлай жоғары көтерілу керек. Үлкендігі мәшенедей-мәшенедей дәу тастар арасымен өрлей бердік. Кей жерлерде дәу тастардан бір-бірімізді демеп, қол берісіп, жүк көтерісіп шықтық. Жолай самсап тұрған тау бүлдіргенінің дәмін татып алдық. Өзен арнасы өте тар, жоғарылаған сайын одан да тарылады. Екі қапталда биік құздар жақындай түседі. Үйдей тастардың арасынан жол тауып, сарқырамаға жақындай түстік. Бірнеше ұсақ сарқырамалар бар. Оларға қарайламай негізгі сарқырамаға жеттік. Алдыма түсіп кеткен Ғалекем бір уақытта гүрілдеген дауысына салып:

- Ооо! Керемет!-деп айғайлап жатты.

Қырыққыз сарқырамасы. Су 43 м. биіктен құлайды.

Жолсерігімнің қуанғанын көріп мен де қуанып жатырмын. Өзен суының азайғанына қарамай, сарқырама сұлу көрінеді. Су құлап түсетін тұста табиғаттың өзі әдемі қауыз жасап алған. Осындай көркем жерге келіп тұрып, өзеннің салқын суына шомылмау – ең үлкен күнә болар. Шомылдық. Салқын су шаршауыңды тез басады. Сарқыраманың сол қанатындағы биік құздарда құстар базары бар екен. Сонау биік құздарда қиқулап жатты. Жемтіктерінің майда сүйектері сарқырамада шашылып жатыр.

Ғалымжан Оразымбет Қырыққыз сарқырамасында

Сарқырама қауызына шомылып алдық

Ғалекемнің сұлулыққа тамсану сауабын алып, сарқырамадан айналма соқпақпен жоғарыладық. Мұндай тіп-тік соқпақ еш жерде жоқ шығар. Қолдың көмегінсіз шығу мүмкін емес. Өзеннің жоғары тұсынан шыққанымызда қарсы бетте, өзеннің оң жағалауындағы құз басында орналасқан ортағасырлық Қырыққыз қамалының қоныс орны (средневековое поселение) көрінді. Қырыққыз туралы аңыздардың бірінде қыздар сол қамалда өмір сүргені айтылады. Бірақ осы уақытқа дейін ол қамал қоныс орнын ешкім зерттеген емес. Ешбір археологиялық еңбектерде кездеспейді. Тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енбеген. Жергілікті тұрғындар мазаратқа айналдырып, қоршап қойған. Қамал қоныс орнын осы құралыптас нысандармен салыстырмалы түрде шамамен Х-ХІІ ғасырларға жатқызуға болады.

Ортағасырлық Қырыққыз қамалы қоныс орны

Қамал қоныс үстіне қазіргі заманғы мазарат жайғастырылған

Қамал қоныс орны жанындағы алмабауды аралап, Алтынтөбеге қайтар жолға түстік. Одан ары қарай Шымқалаға қайтамыз.

Әр саяхатымызда жолай жылқылар жолығады

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

3
0
6473

Осы тақырып бойынша