Өзге жұрт қарғап кетеді, ал, біздің жұрт қайырлы болсын дейді
Біздің халқымыздың басынан өткен кешегі отарлық саясаты өз "жемісін" бергені сондай, бірдеңе болса, "казах без понтов не казах", "қазақпай", "қазақский ремонт" (нашар атқарылған жұмыс туралы), ең ақыр аяғы "қазақ десең өзіңе тиеді" деп күстәналай жөнелеміз. Бірақ, тарихшы ретінде талай материалға талдау жасаған кезде біздің халқымыздың батырлығына, адалдығына, тазалығына таң қаламын. Осы жай туралы көптен бері ойласып жүрген едім, оған тағы түрткі болғаны өзімнің жақсы көретін жерлес апай, қаламы ұшқыр, ниеттес, пікірлес жан - Анар апайдың "Тосын" атты мақаласы себеп болды. Заманында Асан Қайғы желмаясымен желіп жүріп Торғайдың Тосынын көріп "Ақшабағы май татыған, қара суы бал татыған Тосын мен Торғай-ай! Әттең, ат сауырына сыймайсыңдар-ау, сыйсаң бөктеріп алып кетер едім" деген екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Торғайда (Көкалат ауылы) тусам да Тосынға алғаш рет жол түсіп еді (ондай да болады екен), кейін "Тосынқұм" атты материал да жазғанмын. Сарытосын Торғайдың киелі, ғажап өлкелерінің бірі, дегенмен менің айтпағым Анар апайдың мақаласындағы мына бір ой еді. Кезінде жаугершілік заманда Шақшақұлы Жәнібек тархан Торғай бойындағы торғауыттардан біздің мекенімізді азат еткенде, кетіп бара жатқан қалмақтар, Торғай өзенінің қарсы бетінде тұрып, алақандарын жайып: «Көк майсасы белден келетін, балығы тайдай тулаған, ұшқан құсы жыртылып айырылған қайран сахарам-ай, сақау қазаққа қалып барасың-ау», деп теріс бата беріпті.
Біріншісі – «Өзің білме, білгеннің тілін алма», екіншісі – «Ешкімге айта алмайтын, сыртқа шығара алмайтын қара сасырға күнде жолық», онысы – ұл-қызым жаман, келінім мен күйеу балам, алған жарым немесе отағасым жаман деп кімге айтасың. Қорлықты үй ішінен көріп, күнде бүгіл және оны сыртқа шығара алмай қинал, дегені екен. Үшіншісі – «Бұрынғы қайғыңды соңғы қайғың ұмыттырып отырсын» дегені көрінеді.
Ал, енді, қилы-қилы заманда "Еділдің бойы ен тоғайды" амалсыз тастап бара жатқан дала жұрты Қарға бойлы Қазтуған жыраудың аузымен:
"Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден бір қалған Еділ жұрт,
Қайран да менің Еділім...
Қайран да менің Еділім..." деп қимастықпен қоштасады!
Міне, өзге жұрт қарғап кетеді, ал, біздің жұрт "қайырлы болсын" дейді!
#Қазақ керемет халық!#
