Ж.Байымбетов: Көне Сайрамда құрылыс жүргізуге біз жауап бермейміз
Шымкент қаласының республикалық маңызы бар Киелі орындарының қатарына Көне Сайрам (Исфиджаб) қалажұрты да енген. Киелі орындар тізбесіне бұл археологиялық ескерткіш Сайрамның өзге сәулет ескерткіштерінен бөлек енгізіліпті. Демек, бұл нысанның құны Ибраһим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзіз баб, Мірәлі баб, Қожа Салық кесенелері мен Қызыр мұнарасы секілді сәулет ескерткіштерінен бірде-бір кем емес. Түркістан облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының басшысы Ж.Керімұлының айтуынша, бір басында мұншама ескерткіш орналасқан, әрі шешімі таппаған «ыстық нүктелі» тарихи нысанды Қазақстанның өзге аймағынан таппайсыз.

Көне Сайрам қаласының ескі картасы. 1-сурет
Жергілікті әкімдіктер «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға жауапты болатыны, соған сәйкес елдi мекендердi жоспарлау, салу және қайта құру жобаларын әзiрлеу және бекiту кезiнде барлық санаттағы тарихи және мәдени ескерткiштерді сақтау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ететіні айтылған. Сондай-ақ, 2014 жылы 11 желтоқсанда жарық көрген №34/268-V «Түркістан қаласы, Бәйдібек, Қазығұрт, Отырар, Сайрам және Созақ аудандары аумақтарында орналасқан республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және табиғи ландшафтын қорғау аймағы шекараларын бекіту туралы» ОҚО Маслихатының шешімінде VIII-XVII ғасырларға жататын Сайрам (Исфиджаб) қалажұрты (Городище Сайрам (Исфиджаб) VIII-XVII в.в.) да бар. Онда республикалық маңызы бар Көне Сайрам архелогиялық ескерткішінің жалпы қорғау аймағы 32,4 га (оның ішінде қорғау аймағы 11,2 га, құрылыс салуды реттеу аймағы 22,4га, табиғи ландшафтын қорғау аймағы 22,4га) деп ап-анық көрсетілген.

Көне Сайрам қаласының ескі картасы. 2-сурет
Көне Сайрамның қалажұртының бүгінгі күйі қынжылтады. Ж.Керімұлы айтпақшы, нағыз қып-қызыл «ыстық нүктеге» айналған. Археологиялық ескерткіш үстінде қазіргі Сайрам тұрғын алабының орталығы, осы заманғы тұрғын үйлер, түрлі кәсіпкерлік нысандар орналасқан. Қарғауға алмақ түгілі, жаңа құрылыс үшін катлован қаздырмаудың өзі мұң. Жергілікті әкімдіктің бұл жағынан қауқарсыздығы анық көрінеді.

Көне Сайрам қаласының қорғау аймақтары. 3-сурет (Сілтеме: https://tengrinews.kz/zakon/gosudarstvennyie_organyi_yujno_kazahstanskoy_oblasti/kultupa/id-V14U0002960/?fbclid=IwAR3rSg_r8yrFXmcLknHqxmisa6kbBEccFRP6XGPcC8ZhAxeQEEyXjHxgUA0 )
Өткен аптада жол түсіп, Көне Сайрамның сәулет және архитектуралық нысандарына саяхат жасап ек. Сайрам алабының орталығында негізгі екі көше түйісетін тұстың солтүстік-шығыс жағындағы текшеде жаңа құрылыс басталыпты. Құрылыс иесі осынау көше қиылысының ығы-жығы қозғалыс ортасында орын тепкен қасиетін бағамдап, сауда орталығына айналдыруды көздесе керек. 3-4 метр тереңдікте катлован қазыпты. Көне Сайрамның мәдени қабаттары ақтарылып, түрлі заман жәдігерлері мидай араласып, май топыраққа айналған. Қазылған ор қабырғасынан түрлі заман қабаттары арсиып тұр. Қанша қазылғанмен, археологтардың тіліндегі «материк» қабатына жете қоймапты. Демек, Көне Сайрамның тарихы одан да тереңнен басталған деген сөз ғой. Дәл осы жерде Көне Сайрамның ескі карталарында Жұма мешіт болағаны көрсетілген. Топырақты тобықтан кеше жүріп қазылған катлован қабырғасынан сығалаған жәдігерлерді қарадық. Қап-ай, ә! Археологтардан бұрын тиын көздеген маркентелистердің қолына түсіп қор болған қайран тарих!

Көне Сайрамның орталығы. Ақтарылған мәдени қабат. 4-сурет
Биылғы 12 шілде күні Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Байымбетов журналистерді жинап, атқарған шаруалары туралы брифинг өткізді. Кез-келген құрылысты бастамас бұрын Сәулет жобалау тапсырмасы (Архитектурно-планировочное задание, АПЗ) жасалып, сәулетшілердің рұқсатын алуы керек емес пе? Сол жиында жоғарыдағы Көне Сайрамның күйі туралы сөз қозғап, құрылысқа кім рұқсат бергенін сұрадық. Жеңіс Жайлауұлы біз көтерген мәселеден хабарсыз екенін айтып, сәулет және қала құрылысы басқармасы аталған құрылысқа рұқсат бермегенін, оған қатысы жоқтығын хабарлады. Сонда Көне Сайрам үстінен 3-4 метр тереңдікте катлован қазуға кім рұқсат берген? Мүмкін, құрылыс бастаған кәсіпкер ешбір рұқсатсыз өз бетінше қаза берген шығар? Сонда, біздің елде, оның ішінде Шымкентте кез-келген адам өзі қалаған республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткішті ешбір құзырлы органға ескертпей қирата беретін болған ба? Оны қорғайтын, қадағалайтын жоғарыда аталған заң талаптарын орындауға жауапты мемлекеттік мекеме, жергілікті әкімдіктер де хабарсыз болғаны ғой?

Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ж.Байымбетов брифингте "Көне Сайрамда құрылыс жүргізуге біз жауап бермейміз" деді. 5-сурет
«Рухани жаңғыру» деп Киелі орындар тізіміне енген ескерткішті қорғай алмай жатқанда, басқасы туралы айтудың өзі артық. Сұраусыз жатқан ескерткіштің бүгінгі хәліне жауапты кімнен сұраймыз?
