Жамму және Кәшмір

Жамму және Кәшмір! Бізге алыстағы Үндістан кинодағыдай қызықты көрінеді, бірақ, Үндістанның «істеріне» де бір баға беріп қою керек-ау. Негізінде, Үндістан, оның солтүстігіндегі Жамму және Кәшмір салыстырмалы түрде алсақ Қазақстанға тиіп тұр. Олай дейтінім, Орталық Азиядағы бауырлас елдер мен Қытайдың, Пәкістан мен Ауғанстанның түйіскен жерінде орналасқан Жамму және Кәшмір біздің жұрт үшін де бөтен ел емес.

Арғы тарихқа бармай-ақ, бергі Дели сұлтандығы кезінің өзінде түркі жұртының ат басын тіреп, билік жүргізген жері еді. Кейін, тағы да Орталық Азиядан кеткен түркілер – моғолдар деген атпен белгілі көшпенділер ұрпақтары Үндістан түбегіне бауыр басып, осында алып империя құрған болатын. Заманында Кәшмірді қазақ даласының перзенті Мұхамед Хайдар Дулати билеген еді. Айтқандай, Жамму мен Кәшмірдің дін істерін тағы Орталық Азиядан кеткен кешегі түркілер басқарса, ел аумағында өзінің түбі түркілерден тарайтынын білетін жұрт әлі де бар. Дүние жүзінің зор мемлекеті болған Моғолдар империясын ағылшын отаршылдары 1858 жылы біржола тарих сахнасынан құртты. Бір мемлекет астында жүздеген ұлттар мен бірнеше тілді, дінді мемлекетті оңай басқарудың жолы «Бөліп ал да билей бер» қағидатын ұстанған Британия түптің түбінде олардың арасына сына тастап, бөлшектеп, кейін Үндістан, Бангладеш, Пәкістан сияқты елдердің пайда болуына алып келді. Ондаған, миллиондаған адамдар ата-мекенін тастап мұсылмандар Пәкістанға, үнділер Үндістанға көшті. Дегенмен, Үндістанның мысалы, ортасында қалған Хайдарабад низамдығы (бұл да тағы бір түркі мемлекеті болатын) сияқты шағын жұрт Пәкістанға қосыла алмайтын еді. Қазір де Үндістан халқының 13,6 проценін мұсылмандар құрайды, жалпы саны 165 млн. көлемінде екені белгілі.

Сондай, жұрттың бірі Жамму және Кәшмір болатын, кейінгі аласапыран кезінде жұрты мұсылман болса да билеушісі өзге жұрттық еді. Сондықтан, Жамму мен Кәшмір үшін Үндістан мен Пәкістан бір емес, бірнеше рет соғысты. Жамму мен Кәшмірдің шағын бөлігі Гилгитстан және Азад Кәшмір деген атаумен белгілі және ол Пәкістан құрамында қалды. Ал, Кәшмірдің Ақсайшын деген аймағын 1960 жылы Қытай Үндістаннан тартып алған болатын. Аты айтып тұрғандай Ақсай түркі жұртының жері және ол Жамму және Кәшмірдің 20 процентін құрайды. Міне, осылай бір емес, бірнеше елдің құрамында қалған Жамму және Кәшмір саяси ойын алаңына айналып, түптен келгенде соғыс ошағына оранып отыр. Жамму және Кәшмірдің үлкен бөлігі Үндістан құрамында және ол елдің басқа аймақтарына қарағанда белгілі бір деңгейде ерекше мәртебеге ие болатын.

Ендігі күні, Үндістан билігі олардың құқықтарын жойып, өзі де аз ғана және тау аңғарындағы Жамму мен Кәшмір жеріне қара үнділерді қаптатпақшы. Әрине, бұның арты тағы да қантөгіске ұласуы мүмкін. Десек те, Шыңжаңдағы бауырлары туралы жұмған аузын ашпаған Пәкістанды да ұмытпау қажет, ал Үндістанға қарсы Пәкістан мен Қытай кооалициясы бұрыннан бар. Десек те, тарихта, дәл 1940-1950 жылдары Шығыс Түркістанан (Алтайдан Анадолыға дейін) Қытай қысыманан қашқан аталарымызды паналатқан Жамму және Кәшмір жұрты еді. Суреттерде: 1. Қазіргі Жамму және Кәшмірдің картасы 2. Жамму мен Кәшмірдегі Дал өзеніндегі қайық үй
3. Үндістан картасындағы Жамму және Кәшмір 4. Заманындағы Кәшмірдегі босқын қазақтар. Фотолар Интернеттен алынды!
