Жанымды қасиет пен киеге толтырады...
«Аллаһ деген сөз жеңіл, //Аллаға сөз қол емес,//Ынталы жүрек, шын көңіл,// басқасы Хаққа жол емес...».
Абай.
«Алланың өзі де рас, Сөзі де рас...»
Абай.
«Ислам діні – әлемдегі ең парасатты, ең табиғи дін екендігіне күмән келтіруге болмайды. Ислам дінінің тағы бір қасиеті: алдынғы діндерді, олардың пайғамбарларын ешқашан жатсынып, шетке қақпай, толықтырып, түгендеп отырған».
Шәуен Мәсәлім. «Тәңір Құтын іздедім».
Еуропа ойшылдары және Ислам.
ХХ ғасырдың басынан Батыс Еуропаның интеллектуалдық элитасы ислам дінін оқып зерттеуге көп көңіл аудара бастағаны белгілі. Бұл зиялы топтың басшысы француз эзотерик ғалымы Рене Генон болды. Оның «Қазіргі әлемнің дағдарысы» және басқа да еңбектері ғасырымыздың фәлсафалық ойының дамуына үлкен әсер еткені даусыз.

Рене Генон

Люк Бенуа
Аталған Генон, ибн Арабидің трактаттарын аударған Титус Буркхард, суфизм және мұсылман «ішкі» алхимиясын ең білгір маманы болып саналатын өнертанушы Люк Бенуа, белгілі эссеист Мишель Вальсон, тағы басқалары, өздері ислам дінін қабылдап, ортодоксалды мұсылман болып қана қоймай, батыс оқырмандарының ислам әлеміне көзін ашты.

Фритьоф Шюон
Осы шоғыр топтың дарынды өкілі, атышулы «Жүрек көзі», «Даналық аялдамасы», «Эзотеризм – жол және ұстаным» кітаптарының авторы Фритьоф Шюонның «Исламды түсіну» атты еңбегінен төмендегі өзім аударған үзінділерді кезінде әкемнің «Тәңір Құтын іздедім» атты кітабының «Ислам – өркениетті дін» (Адалдықтын ақ жолы) мақаласын жүрекке тоқығаннан кейін әкемнің көзқарасын толықтыру үшін аталған кітапқа еңгізіп едім, енді қасиетті Рамазан Айт күні қайтадан оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмын.
Фритьоф Шюон. "Исламды түсіну".
Ақыл-парасат пен сұлулық туралы...
Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу әллейһи уәсәлләм айтқан екен: «Аллаһ Тағалла ақыл-парасаттан артық ешнәрсені жаратпаған. Бұны түсінбегендерге Оның ашуы қатты». Тағы: «Жаратушы Иемнің өзі керемет. Сондықтан ол сұлулық пен кереметтілікті сүйеді...»
Құранды түсіну үшін...
... Құранның бүкіл мағынасын түсіну үшін, үш нәрсеге көңіл аудару керек: біріншіден, Абу Ханиф пен Ат- Тахавидің ұлы канундық ислам трактаттарында түсіндірілетіндей доктриналық (негізгі, бағыттық) мазмұнысына; екіншіден, бүкіл адамзаттық рухани тәрбиенің күшін бойына жинап алған әңгімелеу тәсіліне; үшіншіден, оның қасиетті де киелі магиялық күшіне...
Құранның ғажаптылығы...
Құранның шектен тыс маңыздылығы оның тек қана доктриналық мазмұнысында, психологиялық не мистикалық растығында, өзгерткіш магиясында ғана емес, ол оның біздің дүниемізге нақты әсер ете алуында; оның таралу ғажабында. Құранның бүкіл әлем кеңістігі мен уақытқа әсері шексіз...
"Жабықтын" ашылуы...
Басқа да Жаратушымыздың Жерге жіберген киелі Жазбаларындай, Құран - «жабық кітап»… Оның «ашылуы» белгілі бір сәтте өзіңді өзің құтқару жолындағы іздеген ақиқатыңа байланысты...
Қасиетті деген не?
Осы киелі, қасиетті кітаптар туралы толғанғанда, «қасиет, кие дегеніміз не өзі?» деген ой келеді. Қасиетті дегеніміз, біріншіден, ерекше трансцеденттік әдіспен (жолмен) бізге жеткізілген; екіншіден, растығында, хақтығында ешқандай күмән жоқ; үшіншіден, адамның түсінуі мен сұрыптауына, оның бақылауына көнбейтін дүние.
Қасиетті дегеніміз – аулақтағы, перифериядағының орталықта, кіндікте болып жатқан нәрселерге қатынасуы, араласуы; қозғалмайтынның – қозғалуы; абсолюттіктің – салыстырмалы қатыстылыққа; өткіншілік, жалғанның – мәңгілікке айналуы...
Киелі, қасиетті затты кез келген жерге тастамақ түгіл, кез келген жерде ұстауға болмайтыны әркімге түсінікті болар...
Жапырақтар мен тамырлар туралы...
Тамырлар туралы түсінігі жоқ ағаштың жапырақтары өзара дау-дамайға түсіп, осы Тамырлар бар ма, жоқ па, бар болса олардың сықпыттары, пормысы қалай екен деп жатқанда, сол тамырлардан хабар келіп, «иә, біз бармыз, біздің түріміз, пормымыз мынандай да мынандай» десе, осы ақпарды қасиетті Жазулармен, Жолдаулармен теңестіруге болады.
Құраннын тілі туралы...
Құранның магиясы оның қай тілде жазылғанына да байланысты. Сондықтан оның аудармасы ритуалдық жағынан әлсіз, канундық жағынан қажетсіз.
Аллаһ Тағалланың сөзін адамдарға жеткізген тіл де киелі. Жаратқан Иемнің осы тілді таңдауы – оның басқа, бұрынғы-кейінгі тілдерде кездеспейтін ерекшеліктеріне байланысты болса керек. Белгілі бір дәуірдік циклден бастап, рухани атмосфераның «қоюланғанынан» ба, Құдай Тағалла адамдармен сөйлесуін қойды. Осы кезеңнен бастап өздерінікін «жаңа дін» деп жариялағандардың бәрінікі – өтірік, жалған. Орта ғасырлар, grosso modo, киелі, қасиетті Жаңалықтардың, Жолдаулардың Жерге жіберілуінің соңғы шегі, шеті.
Көпке бөлінген тұтас...
Жаратқан Иемнің әлеміндей, Құран да тұтас бола тұра көпке бөлінеді. Әлем сияқты, Ол да сан түрлі көптікті бойына жинап, оларды біріктіріп, Тұтас қылады.
Жанымды қасиет пен киеге толтырады...
Құранның әңгімелерінің, бейнелерінің, аяттарының алуан түрлілігі адамның жанын билеп-төстеп, оны қасиет пен киеге толтырып, Ақиқат пен Анықтық кеңістігіне жетелейді. Біздің жан дүниеміз осы феномендер тасқынына көніп, оған тіптен қарсыласпай, сонымен қуаттанып, көбейеді; ол ол ма, өзі де соның бір бөлігіне айналып, жаңа ой мен жаңа әрекетпен өмір сүре бастайды.
Кемшіліктерімізді пайдамызға жаратады...
Құдай Сөзі өзінің аспандық қасиетімен, ерекше тілімен біздің болмысымыздағы кемшіліктердің өзін біздің пайдамызға жаратады. Бейне бір су түбіндегі балықтар сияқты, біз оның қасиетті ауына, торына үлкен сеніммен жүзіп кіреміз.
Желіккен құштарлығымызды басады...
Сөздердің, бейнелердің, мәтіндердің, сөйлемдердің мозаикалық алуан түрлерін пайдаланып, Құдай Тағалла біздің ес-ақылымыздың желіккен құштарлығын басады..
Анық ой мен барақат береді...
Құран Кәрім – адам ақылының не ойлап, не сезетінінің айнасы. Осы айнаның сәулесі адамды үрейден айырып, сенген адамға фәни мен бақида анық ой мен барақат береді.
Француздың Ислам дінің түсінуы мені қайран қалдырады... Шюон тоқсаннан аса, солтүстік америка үндістерінің шайен тайпасының арасында фәниден бақиға аттанды. Алланың алдында жүрек жанары ашық болсын!
"Желающий покончить с неопределенностью должен опереться на абсолютно достоверное, на то, что превышает нас, а это Суть Бог и наше бессмертие в Боге". Фритьоф Шюон. Из книги "Очевидность и Тайна".
