Жетім көрсең жебей жүр
21 ғасырдың ең ауыр ахуалдарының, тақырыптарының бірі- жетім қалған балалар мен жетімдер үйі. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда 80 мыңға жуық жетім бала бар. Бірақ бұл-тек Қазақстандағы саны. Қазақстан 1999 жылдан бастап шетелдік азаматтарға қазақ балаларын асырап алуға рұқсат берді. Сәйкесінше 1999 жылдан бері 8169 қазақтың қара көз перзенті шетелдіктердің шаңырағынан пана тапты. Балаларды жанұясыз қалдырмай бауырға басқан, әрине, жақсы. Алайда, ежелгі сұлтан Бейбарыс секілді туған жерін аңсап қалған балалардың саны қаншама?! Асырап алушы елдердің көшін Америка бастап тұр. Америкадан өзге әлемдегі 30-ға жуық мемлекет қандастарымызды асырап алған. Сонымен қоса, Испания және Бельгия қазақстандық балаларды асырап алушылардың қатарында болып саналады. Қазақстанда балалар үйінің санын азайту қолға алынған болатын. Алайда, бұл миссияны шетелдік азаматтар жүзеге асырып отыр. Балаларды асырап алғаннан кейінгі жағдайлары мүлдем беймәлім.
Елімізде жетім балаларды панасыз қалдырмауға арналған бірқатар жобалар қарастырылған болатын. Мәселен, 2014 жылдан бастап Республикалық бюджетке асырап алушыларды ынталандыру мақсатында шығындарды көтеру мақсатында комиссия құрылып, нәтижесінде 2015 жылдан бастап жетім баланы қолына аламын деушілерге 150 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындалды. Бұл да өз кезегінде еліміздегі жетім балалар санының төмендеуіне септігін тигізеді деген ойдамыз.
Қазақстан Республикасының бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Біз баламалы отбасылық құрылымдарды жетілдіру арқылы балалар үйлеріндегі жетім балалар санының азаюына қол жеткіздік. Жыл сайын еліміздегі жетім балалардың саны мыңнан астам балаға азайып, керісінше отбасылық құрылымдармен қамтылған балалардың саны көбейіп келеді», – деп мәлімдеген болатын.
Барлық адамзат баланың көз жасына қарап тұра алмайтыны хақ. Келешекте еліміздегі балалар үйінің саны азайып, әр бала өз отбасын табады деп үміттенеміз.
